Қазақстандықтар 20 қазаннан бастап шетелден кейбір көлік түрін әкеле алмайды

Автор: Темірхан Айжан

Жаңа талап автобус пен арнайы көлікке қатысты 

Фото: Freepik

Биыл 25 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссия 74-ші шешімге өзгерістер енгізу туралы қаулы қабылдады. Құжатта Қазақстан аумағына әкелінетін автокөлік құралдарының техникалық талаптары нақтыланған. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андақов журналистердің сұрағына жауап беру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, жаңа ережелерге сәйкес жеке тұлғалар 20 қазаннан кейін бұрын пайдаланылған арнайы техника мен автобустарды Қазақстанға әкеле алмайды.

«Бұл шектеу тек арнайы техника мен автобустарға қатысты. Ал жеке мақсаттағы жеңіл көліктерге әсер етпейді»,- деді ол.

Сонымен бірге, заңды тұлғалар бұрынғыдай көлік пен арнайы техниканы елге әкеле алады. Ол үшін олар Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сай қауіпсіздік сертификатын алуы тиіс.

Мұхамед Андақов жаңа тәртіп қазақстандықтардың жеке көлік сатып алу мүмкіндігіне әсер етпейтінін, тек техникалық талаптарды нақтылау мақсатында енгізілгенін атап өтті.