Грузияда клиника басшысы ұсталды - ол Қазақстаннан барған суррогат аналарға ақша төлемеген еді (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Клиникаға жалпы 150 келіншек шағымданған 

Фото: iStockphoto.com

Грузиядағы Kinderly клиникасының иелері суррогат аналардан жиналған қаражатты жымқырғаны үшін 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеу мәліметтері бойынша, медициналық орталықпен жұмыс істеген суррогат аналардың қатарында қазақстандық әйелдер бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  жергілікті телеграм арнаға сілтеме жасап. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, клиниканың бір құрылтайшысы Армен Меликян тұтқындалды. Ал екінші құрылтайшы, Украина азаматы Руслан Тимошенкоға сырттай айыптар тағылған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, клиника суррогат аналарды таңдап, олармен биологиялық ата-аналардың атынан келісімшарттар жасаған және олардың өкілдері ретінде әрекет еткен. Олар қытайлық суррогат аналардың медициналық және тұрмыстық шығындарын жабуға, сондай-ақ келісімшарт бойынша сыйақыларын төлеуге арналған қаражатты жымқырған.

Ішкі істер министрлігі зардап шеккендердің санын және жымқырылған соманы нақтыламады. Бұдан бұрын белгілі болғандай, 150 суррогат ана клиникаға шағымданған. Олардың кейбірі балалар дүниеге келгеннен кейін келісімшартта көрсетілген 22 000 АҚШ долларына дейінгі сыйақысын алмаса, тағы басқаларының күнделікті шығындары жабылмаған, сапалы медициналық көмек көрсетілмеген.

Ақпарат құралдарының жазуынша, клиникамен жұмыс істеген суррогат аналардың қатарында Грузия, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина және Ресей азаматтары болған.

Қазіргі уақытта Грузия Қылмыстық кодексінің 182-бабы, 2-бөлігінің «а» және «г» тармақтары – басқа адамның мүлкін аса ірі мөлшерде топ болып немесе қызметтік жағдайды пайдаланып жымқыру бойынша тергеу жүріп жатыр.