Қарағандыда 61 жастағы тұрғынның 4500 АҚШ долларын алдап алған алаяқ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктінің бұған дейін де алаяқтық жасағаны және сотталғаны белгілі болды

Фото: ашық дереккөзден

Қарағандыда 61 жастағы тұрғынның 4500 АҚШ долларын алдап алған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

23 маусымы күні Теміртау қаласының 61 жастағы тұрғыны Қарағанды ​​қаласының Оңтүстік-шығыс полиция бөліміне жүгінген. Әйел адам өткен жылдың шілдесінде оған заңгерлік көмек көрсететінін айтып, 4500 АҚШ долларын иемденіп кеткен алаяқ туралы хабарлаған.

Келтірілген залал шығыны екі миллион теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 26 жастағы ер адам ұсталды. Оның бұрын алаяқтық жасағаны және жалған құжаттарды жасағаны үшін сотталғаны белгілі болды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.