Астанадағы ірі сауда орталығында әріптестерін алдап кеткен келіншек үш жылға сотталды

Автор: Бақыт Шынар

Ол алаяқтық жасап, әріптестерінен ірі көлемде ақша жинап алған

Фото: istockphoto.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бірнеше рет ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған келіншекті үш жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Сот материалдарына сәйкес, ол 2023 жылы «Еуразия» сауда орталығында таныстары мен әріптестері арасында қаржыны әртүрлі акцияларға инвестициялау арқылы қосымша табыс табуға болады деген жалған ақпарат таратқан. Сондай-ақ тұрмыстық техниканы жеңілдікпен сатып алу-сату сертификаттарын, басқа да тауарларды төмен бағамен алып, кейін қайта сату арқылы пайда табу мүмкіндігі барын уәде еткен.

«Алайда жәбірленушілерден ақша алғаннан кейін бұның бір де біреуін орындамаған. Осылайша ол төрт адамнан әртүрлі көлемде қаражат алып, жалпы сомасы бірнеше миллион теңгені иемденген», - деп хабарлайды Астана соттары.

Сотта жәбірленушілердің айғақтары, банк түбіртектері мен заттай дәлелдемелер оның кінәсін толық дәлелдеген.

Прокурор 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот қылмыстың ауырлығын және оның бірнеше рет қайталанғанын ескеріп, әйелді үш жылға соттады.