Қостанай полициясы көлігінің есігін ашпай қойған әйелді 16 күнге қамап, 8 жылға куәлігінен айырды

Автор: Бақыт Шынар

Оқиға биыл 24 тамызда болған

Фото: istockphoto.com

Қостанай облысының полициясы көлігінің есігін ашпай қойған әйелді 16 тәулікке қамап, 8 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сүйенсек, оқиға биыл 24 тамыз күні түнгі сағат 23:10-да Лисаковск қаласында болған. Полиция көліктің ішінде отырған әйелге келіп, көліктен шығуды талап еткен. Бірақ әйел көлігін ішінен жауып алып, шықпай қойған.

«Полиция әйелден сыртқа шығуын талап етті. Бұл талапқа құлақ аспаған әйел есігін жауып алып, ашпай қойған. Бұдан бөлек, әйел ішімдік не есірткі заттарына сараптама тапсырудан да бас тартты», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот отырысына келген әйел кінәсін мойындап, теріс қылық жасағанын айтқан. Сот оны полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбады және сараптамадан өтуден бас тартты деген баптар бойынша кінәлі деп тауып, 16 тәулікке қамауға алды әрі 8 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырды.