Жамбыл облысында өрттен 13 баласы бар отбасы баспанасыз қалды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ең кіші сәбиге небәрі үш апта болған

Фото: © istockphoto.com

Жамбыл облысында таңғы сағат бестің шамасында ірі өрт шығып, 13 баласы бар отбасы баспанасыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, алдымен үйдің сыртындағы шөп жанған. Одан кейін жалын шаруашылық құрылыстарға, соңында екіқабатты тұрғын үйге тараған.

«Оқиға орнында қатты гүрсілдер мен жарылыстар естілді, от өте тез жайылды», – дейді тұрғындар.

Отбасы туыстарына кетті

Өрт кезінде үйде барлық бала болған. Абырой болғанда, ата-ана барлығын дер кезінде эвакуациялап үлгерген. Қазір көпбалалы жанұя туыстарының үйіне көшірілді. Ең кіші нәресте небәрі үш апталық.

ТЖД түсініктеме берді

Оқиғаға қатысты Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті ресми мәлімдеме жасады.

«Өрт сөндірушілер келген кезде аулада орналасқан құрылыс пен екіқабатты үйдің шатыры өртеніп жатқан. Жалынның жалпы аумағы шамамен 100 шаршы метрді құрады. Өрт 6:57-де толық сөндірілді. Қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда», – делінген хабарламада.