Оқиға 2019 жылы 2 қарашада болған
Орал қаласының тұрғыны ғашығын қызғанып, ер адамды айуандықпен өлтірген, деп жазады «Мой Город» порталы. Марқұмның денесін ол көшедегі дәретхананың құдығына тастаған.
Тергеу материалдарынан белгілі болғандай, Әжібаев көшеде өзінің құрбысын өзге жігітпен көріп қалған. Қызғаныштан ол ер адамды соққыға жыққан. Жәбірленуші қашпақ болған сәтте оны қуып жетіп, бірнеше рет пышақтаған. Салдарынан ер адам сол жерде жан тапсырған.
«Әжібаев қарсыласының өлгенін біліп, оның 100 мың теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап алған. Мұнан кейін ол марқұм Жолаевты жол бойындағы дәретхананың құдығына апарып тастаған», - деді судья Шара Зайнуллина соңғы сот процесінде.
Әжібаев өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Дегенмен, тергеу барысында оның кінәсі толық дәлелденгендіктен, судья оны 14 жыл бас бостандығынан айырды.