Үлкен Алматы жағасынан гранит плиталарды ұрлағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы Алматы әкімінің кеңесшісі мәлім етті

Фото: istockphoto.com

Бірнеше күн бұрын Алматыдағы нөсер жауыннан кейін Үлкен Алматы өзенінің жағасынан гранит плита ұрлағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Алматы әкімінің кеңесшісі телеграмм-арнасында жазған. Айта кетейік, бұған дейін әкім нөсер жауынның салдарына байланысты екі аудан әкіміне сөгіс жариялап, бір аудан әкімінің орынбасарын жұмыстан шығарған еді.

«Бұдан бөлек, Ерменсай шағынауданында инженерлік коммуникациялар тарту үшін қазылған траншеяларды қатты су ағыны шайып, автокөліктердің қозғалысына кедергі келтірген учаскеде («SGGroup Сапа Строй» ЖШС жұмысы), сондай-ақ әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесіндегі жерасты өткелінде гранит плиталарды негізсіз ауыстыру жұмыстарына бақылаудың болмауына байланысты Бостандық ауданы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандыру саласына жетекшілік ететін орынбасары қызметінен босады», - деп хабарлаған еді әкімнің кеңесшісі.

Кеңесшінің мәліметіне сүйенсек, Уәлиханов бульварындағы жиектасты заңсыз шешіп алып, плиталарды облыстағы жеке үйге жеткізу оқиғасы қоғамда үлкен наразылық туғызды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Сонымен қатар, қала басшысы Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту және іргелес аумақты абаттандыру жобасын орындап жатқан «Павлодар өзен порты» АҚ мердігер ұйымының жұмысындағы кемшіліктерге қызметтік тексеріс жүргізуді және оның себебін анықтауды тапсырды. Осыған байланысты жобаның тапсырыс берушісі – Экология басқармасының басшысына сөгіс жарияланды. Әкім сондай-ақ Полиция департаменті бастығына Үлкен Алматы жағалауынан гранит плиталардың ұрлануына қатысты қылмыстық іс тергеуінің нәтижелері бойынша есеп беруді тапсырды», - деп жазған кеңесші.