«Актив Ломбард» жабыла ма?»: блогер Сергей Койновтың шын мәнінде не үшін ұсталғаны белгілі болды (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Қаржы мониторинг агенттігі оның жасырын схемасын әшкерелеген

Фото: instagram.com/kss_boss/

Бірнеше күн бұрын Қазақстандағы танымал блогер, әлеуметтік желіде 700 мыңға жуық оқырманы бар Сергей Койновтың қолға түскені туралы ақпарат тараған еді. Ол Қазақстанда жүздеген филиалы бар «Актив Ломбардтың» иесі болғандықтан, көпшілік кепілге қойған заттарына алаңдаған. Бүгін Қаржы мониторинг агенттігі оны шын мәнінде не үшін ұстағанын жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Анықталғандай, ол «Актив Ломбардтан» бөлек, «Актив Маркет» атауы бар компаниялары арқылы заңсыз микрокредит берген екен.

«Қаржы мониторинг агенттігі заңсыз микрокредит беру бойынша кең ауқымды схеманы әшкереленді. Схема еліміздің әр өңірінде 200-ге жуық филиалы бар, комиссиялық дүкендер ретінде жасырынған ірі ломбардтар желісі арқылы жүзеге асқан. Атап айтқанда, «Актив Ломбард» желісінің иесі Койнов С.С. сенімді адамдарына «Актив Маркет» брендімен тіркелген бірнеше компания рәсімдеген. Ол компаниялар тауарлар мен тұрмыстық техниканы қабылдайтын комиссиялық дүкен ретінде көрінгенімен, іс жүзінде лицензиясыз ломбардтық қызмет – мүлікті кепілге қою арқылы қарыз берумен айналысқан», - деп хабарлайды

Заң бойынша қазір қысқа мерзімге, яғни, 45 күнге берілетін микронесиенің пайызы күніне 0,3%-дан аспауға тиіс.

«Алайда Койнов С.С.-тың компаниясы 15 күнге 16,2% сыйақымен қарыз берген, бұл заңда белгіленген шектен 4 есе артық. Осылайша, жүз мыңдаған азамат, соның ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар қарыз тұзағына түскен. Соңғы екі жылда заңсыз жоғары мөлшерлемемен кепілдік қарыз беру арқылы 3,5 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз алынған», - деп хабарлайды ҚМА.

Бұл ақшаны одан әрі заңдастыру үшін Койнов С.С. байланысы бар компаниялармен бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және сүйемелдеу бойынша құны 1,9 млрд теңгеге жалған келісімшарттар рәсімдеген.

«Еліміздің барлық өңірлерінде 200-ден астам тінту өткізіп, заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қарыз адамдарға айтарымыз, лицензиясы бар «Актив Ломбард» желісінің қызметі сотқа дейінгі тергеу нысанына жатпайды. Агенттік оның бірде-бір филиалын жапқан жоқ, «Актив Маркетке» кепілге қойылған мүлік те тәркіленген жоқ, ол «Актив Ломбардтың» иелігінде», - деп хабарлады ҚМА.