Судья оны «бір емес, екі адамды өлтірді» деп таныды
Бүгін Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты NCOC мұнай компаниясының менеджері, 46 жастағы Бибігүл Шпанованы өлтірген Арман Жетпісовті өмірбойына соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ақ жайық» басылымы хабарлағандай, сот жабық режимде өткен. Соттың үкімін естіген марқұмның туыстары судьяға құрмет танытып, ду қол шапалақтаған.
Тергеу анықтағандай, 38 жастағы Арман Жетпісов бұрын да сотталған. Атырауда тұратын оның тұрақты жұмысы болмаған екен. «Француз ауданы» тұрғын үй кешеніндегі адамдардың сеніміне кіру үшін ол ұсақ-түйек жұмыс істеп, олармен араласа бастаған. Ал, марқұм Бибігүл Шпанова дәл сол тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып, енді сол үйден паркинг іздеген екен.
Арман Жетпісов паркинг алып беруге көмектесемін деп әйелден ірі көлемде ақша алған көрінеді. Алайда, уәдесін орындамаған. Сондықтан, марқұм ақшасын қайтарып беруді талап еткен. Паркингке қатысты құжаттарға қол қою керек деген сылтаумен Бибігүл Шпанованың пәтеріне кірген қаскөй оны аяусыз өлтіріп кеткен.
«Қылмыскер әйелді зорлап, артынан оны пышақтап өлтірген. Пәтерден кетерде марқұмның қымбат заттары мен көлігінің кілтін алып кеткен. Дәл сол көлікпен Маңғыстау облысына барғанда ұсталған. Күдіктіден Шпанованың жеке заттары табылды», - деп хабарлайды «Ақ жайық».
Тергеу Арман Жетпісовті алаяқтық, адам зорлау, ұрлық, көлік ұрлау және адам өлтіру баптары бойынша айыптаған. Судья Зарема Хамидуллина күдікті бір емес, екі адамды өлтірді деді.
«Сот отырысы кезінде сотталушы «егер оның аяғы ауыр екенін білсем, өлтірмес едім» деді. Бірақ, аяғы ауыр ма, жоқ па екеніне қарамастан, ешкім ешкімнің өмір қия алмайды. Ол сәби күтіп жүрген әйелді аяусыз өлтірді. Сондықтан, ол бір емес, екі адамның өмірін қиған болып саналады», - деді судья.
Судья Арман Жетпісов марқұмның жақындарынан кешірім сұраса да оның көзінен еш өкініш байқамағанын айтты.