$ 539.54  637.09  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жағымды сындырды»: Алматыда экс-күйеуі аяусыз сабаған әйел президенттен көмек сұрады (ВИДЕО)

Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған

«Жағымды сындырды»: Алматыда экс-күйеуі аяусыз сабаған әйел президенттен көмек сұрады (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Күйеуінен зәбір көрген Алматы тұрғыны Ділбар Тимурова құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне шағымданып, президенттің атына үндеу жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тимурованың бұрынғы күйеуі 28 тамызда балалардың көзінше оны қан-жоса қылып сабап кеткен екен. 

 «Біздің ажырасқанымызға 3 жыл болды. Кәмелетке толмаған ортақ екі баламыз бар. 28 тамызда кешкі сағат 19:00-де менің бұрынғы күйеуім Нұраддин Асанұлы балаларымды көремін деген сылтаумын келіп, маған қырындай бастады. Ол ойы жүзеге аспаған соң мені соққыға жықты. Бұның бәрін екі балам көріп тұрды. Оның соққыларынан менің миым шайқалып, жағым екі жерден, мұрным бір жерден сынды. Маған күрделі ота жасалып, жағымды жинай алмаған дәрігерлер екі темір салып берді. Құқық қорғау органдары 3 апта бойы әрекетсіз отыр. Оның материалдық жағдайы жақсы болғандықтан, істі жылы жауып қойып отыр деп ойлаймын», - деді ол.

Ділбар Тимурованың пікірінше, оның бұрынғы күйеуі зорлық-зомбылық фактісін ақша беру арқылы жаптыруы әбден мүмкін.

«Мен президенттен оны заң бойынша  қатаң жазалауды сұраймын. Қорқып қалғанымыз сонша, балаларыммен далаға да шыға алмай отырмыз. Екі балам әбден шошып қалған», - деді ол.

Бұл мәселе бойынша редакция Алматы қаласының полиция департаментіне хабарласты. Олар хабарлағандай, ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, күдікті қамалмаған. 

«28 тамыз күні Алматы қаласы Жетісу ауданының полиция Басқармасына қала тұрғынына дене жарақатын келтіру дерегі бойынша хабарлама келіп түсті. Осы күні аталған дерек бойынша 36 жастағы ер адамға қатысты ҚК-тің 107-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта іс аясында қажетті тергеу жүріп жатыр.Тергеу аяқталғаннан кейін заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары