Алматыдағы нөсер жауын бір көшені бүлдіріп, ондаған көлік шұңқырға түсіп кетті (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Жолды салған - «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС-сы

Фото: скриншот

Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігінің аппараты күні кеше нөсер жауыннан кейін түгі қалмаған Аманжол көшесіндегі жолды «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС салғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дереккөзге сүйенсек, осы мердігер Аманжол көшесінің бойында су және канализация желісін салу үшін құрылыс жүргізген. Жұмысты толық аяқтаған. Алайда, осы көше бойына газ тартылатын болған соң қазылған жерді қайта-қайта қаза бермейік деп асфальт төсеген жоқпыз дейді. 

«Кешегі нөсер кезінде арық арқылы осы көшеге қарай өте көп су құйылған. Сондықтан, жолдың қабаты бүлініп, 13 көлікке зақым келді», - деп хабарлайды дереккөз.

«Спецстрой Групп ЛТД» мердігер компанияның директоры Нариман Қалиев эфирге шығып, шұңқырға батып кеткен көліктердің шығынын компания өтеп беретінін мәлімдеді.

«Біз зардап шеккен көлік иелерінің өтемақын толық өтеп береміз. Қазір біз жолдың беткі қабатын жөндеп, асфальт төсей бастадық», - дейді ол.