«Ақшаның 40% менікі болады»: сыртқат балалар үшін жылу жинайтын Самат Бекебаевқа қатысты шу шықты (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар блогер видеоларды сценарий бойынша түсіреді дейді

Фото: видеодан скриншот

Қиын қаржылық жағдайға тап болған көп балалы аналар танымал блогер Самат Бекебаев туралы өз шындықтарын айтып, сұхбат берді. Дерті бар балаларының еміне ақша жинап аламыз деп үміттенген олар шын мәнінде блогердің жеке шығындарына төлеп, опық жеген көрінеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде «Самат блогер» есімімен танымал Самат Бекебаевқа алдандым деген Тоғжан Сембаева журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында ел білмейтін схеманы айтты. Әлеуметтік желіге арналған видеода блогердің өзі қай жерде жылау керегін, қай жерде сөйлеу керегін айтып береді екен. Тоғжан Сембаева 7 баланың анасы, олардың біреуінде церебралды паралич пен қояншық дерті бар.

Ол қаңтар айында әлеуметтік желіде баласының атынан парақша ашқан. Самат блогер оған өзі бірінші хат жазып, ақша жинап беруге көмектескім келеді депті.

«Келген кезде: «Егер сіздің балаңызға ақша керек болса, менің сценарийім бойынша видео түсіруіміз керек. Осыған дейін де қанша адамға көмектестім, балаңызға қажет ақшаны жинап беремін» деді. Әрине, біз қуанып, айтқанын жасап бердік. Оны Құдайдан кейінгі екінші адам ретінде көргенім рас. «Отырып, қолыңызды жайып, жылаңыз, балаңызды құшақтап жылаңыз» дей берді», - деді Тоғжан Сембаева.

Оның айтуынша, үйге мобилографымен келген блогер әйелдің басына орамал жауып, үстіне халат кигізіп, камераға жылауын сұраған.

«Баламды алдыма отырғызып, алақанымды жайып тұрып: «Уа, халқым, сіздерден көмек керек» деп жылатып түсірді. Сценарий бойынша қазақша сөйлейтін баламды видеоға түсіреміз деп, аяғына резеңке аяқ киімін кигізіп, есік алдына алып шықты. Видеоға түсіруге ақша керек деген соң қалтамдағы 78 мың теңгемді бердім. Видеода сценарий бойынша сол ақшаны баламның қолына ұстатты. Әлеуметтік желіде бұл видеоны кейіннен жалған деп айттым», - дейді Сембаева.

Алданған келіншек баласының аянышты күйін сыныптастары мен өзге достары көріп, буллинг жасамас үшін оны алып тастауды өтінген. Осы жерде блогердің тағы бір айласы шығып, екінші видео түсіргісі келген.

«Үйдегі ескі телефонның қорабын балама сыйлық ретінде өтірік сыйлап, видео түсірді. Оған жазылған пікір де баршылық еді. Ол видео бойынша үш күнде 2,7 млн теңге жиналды. Ол басында жиналған ақшаның 40 пайызын өзім алам деп айтты. Менің баламның еміне 70 млн теңге керек болған. Біздің шотымызды жазып қойған соң, ақша бізге түсті. Ол жарты сағат сайын қоңырау шалып, «қанша түсті» деп сұрай берді. Сосын біреулердің нөмірін жазып, «осыған ақша жібере қой» деп жиі айтатын болды. Жиналған 2 млн теңгенің 500 мыңын аударым арқылы жібердім. Ал 1,7 млн теңгені қолма-қол санап өзіне бердім. Бізде 600 мың қалды, қалғаны блогерде», - деді ол.

Самат блогерден алданып қалған тағы бір жәбірленуші - 7 баласы бар Гүлжан есімді көпбалалы ана. Оның 6,5 жастағы баласы ауыр дертке шалдыққан.

«Ерекше баламның еміне ақша жинау үшін ерекше балалардың аналары отыратын чатқа кеңес сұрап жаздым. Оның біреуі осы Самат блогерге өтініш жасауға болады деді. Ол видео түсіру қызметіне ақша да сұратты. Кейін  «Астанаға бірден келіңіздер, осы жақта видео түсіреміз» деді. Ол студияның ақшасына тағы 50 мың сұрады. Барып-келу таксиіне де мен төлеп бердім. Видео түсіру кезінде ағыл-тегіл жыладым. Қанша қажет екенін де айтпау керек деді. Біздің айтқанымызды істеңіз деді», - дейді ол.

Көпбалалы ананың айтуынша, видео блогердің парақшасында бір күн ғана тұрған.

«Видео бойынша 100 мың теңге түсті. Оның 30 мыңын Самат алды. Ақша жинаймыз деп біз керісінше шығынға баттық. Ол мені кейін бұғаттап тастады. Бізді мазақ қылды. Баламыз жанды жеріміз ғой. Осы блогер бізді алдап кетті», - дейді ашынған ана.

Самат блогердің сценарийі бойынша видео түсіруге келіскен тағы бір ана - Альбина Тұрсынбаева.

Ол да блогердің айтқан сюжеті бойынша жылап видео түсіріп, ақша жинауға келіскен. Бірақ бұл жолы да Самат блогер өзінің қажеттіліктеріне ақша сұрай бастаған. Кейін келіншектен ақша талап етіп, қоқан-лоқы жасаған.

«Өзінің парақшасында менің жолдасымды нашақор деп салып қойыпты. Мен бұл істі соңына дейін жеткіземін деп уәде бердім», - дейді ол.

Блогер Самат Бекебаевтың 559 мың оқырманы бар. Ол қайырымдылықпен айналысып, ауру балалардың еміне ақша жинауға көмектесетін жанашыр блогер ретінде танымал болған. Редакция блогердің өзіне хабарласып, пікір алуға тырысады.