Қарапайым операцияның салдары ауыр болған
2025 жылдың қаңтарында Шу қаласында тұратын әйел қалалық ауруханада өт қабын алдыру үшін операция жасатқан. Операциядан кейін келіншектің жағдайы нашарлап, температура шыққан, қатты ауырсынған. Анықталғандай, әйелдің өті жүрмей, құрсағында 1,5 литр көлеміндегі сұйықтыққа айналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйелдің жағдайы нашарлай берген соң туыстары Шу ауруханасын «шулатып» жүріп науқасты Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасына апарған екен. Дәл осы мекеменің дәрігерлері әйелді зерттей келе 1,5 литр өт тұрып қалғанын, оны алу үшін тағы да операция керек екенін айтқан. Бірақ, жағдайдың күрделі екенін айтып, науқас өліп қалуы мүмкін екенін де ескерткен.
«Өтті кетіру үшін дәрігерлер әйелдің ішіне дренаж орнатқан, содан кейін әйел ауыр физикалық шектеулерді бастан кешірген – жата алмаған, дұрыс отыра алмаған, отырса да бір қалыпта ғана отырған. 2025 жылдың мамыр айында науқасқа Алматыда үшінші күрделі ота жасалған. Талап қоюшының айтуынша, барлық келеңсіз салдар дәрігерлердің салғырттығынан, дер кезінде медициналық көмек көрсетпеуінен және қате диагноз қоюдан болған», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.
Әйел адам сотқа жүгініп, ауруханадан, хирургтен және емдеуші дәрігерден бірлесіп моральдық және материалдық шығынды өндіру туралы талап қойған.
«Хирург кінәсін ішінара мойындап, әйелге өз еркімен 1 млн теңге берген. Одан өзге палатаның шығынын, дәрі-дәрмек пен үшінші ота жасау үшін кеткен шығынның жартысын төлеген. Сот талқылауы барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеуге ниетті екендерін мәлімдеді. Жасалған медиация келісіміне сәйкес: хирург талап қоюшыға 400 мың теңге, аурухана науқасқа 2 млн. теңге өтемақы төлеуге міндетті болған», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.