«Екінші Бишімбаев»: Павлодарда полковниктің ұлы әйелін жылдар бойы ұрып-соғып, өмірін тозаққа айналдырған

Автор: Темірхан Айжан

Сұмдық оқиғаны әйелдің өзі жариялады 

Фото: iStock

Павлодардан шыққан дизайнер әйел өзін жылдар бойы қорлаған күйеуінен құтқаруды сұрады. Оның сөзінше, жұбайы, Павлодар облысының бұрынғы полиция полковнигі Арман Нұрмағамбетовтың ұлы 33 жастағы Әнуар Нұрмағамбетов, ажырасуға келісім бермей, үнемі зорлық-зомбылық көрсетіп келеді. Келіншек әлеуметтік желідегі парақшасында Павлодар, Астана және Петропавл қалаларындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарда жұмыс істеген Нұрмағамбетовке заң жүрмей отырғанын айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Олар 2018 жылы үйленген, ортақ бір қызы бар. Әйел 2021 жылдан бері ажырасуға талап-арыз беріп келеді.

«Әр жолы ол жалынып-жалпайып, жақсы жаққа өзгеретінін, мінезін түзейтінін айтып, райымнан қайтаратын. Кішкентай сәбиіммен кетіп қала салуға жүрексіндім. Ажырасуға 3-4 рет арыз жаздым, ол қорқытып, бопсалап, арызды қайтарып алуға мәжбүрледі. Былтыр күзде бүкіл көрген зорлығыма нүкте қоямын, жаныма батып, жүрегімді ауыртқан қарым-қатынасты тоқтатамын деген нақты шешімге келдім. Ол нағыз манипулятор, абюзер, тиран болды. Бір шаңырақтың астында тұрғанымызда маған күн көрсеткен емес, үнемі күдіктенді. Менің «көңілдесім» бар деп ойлайтын. Қызық болғанда, біз үйленер кезде бәрі некеге қарсы болды. Әнуардың ата-анасы да менің оған тұрмысқа шықпауымды сұраған, тіпті танымайтын кісілер де оның «артында былығы көп» екенін ескерткен. Мен болсам, 17 жастағы балауыз қыз, сөзіне иланып күйеуге тиіп кеттім. Қазір сол адамдардың сөзінің дұрыстығына көзім жетті.

2024 жылы екі шабаданымды жинап, қызымды құшақтаған күйі Павлодардағы әке-шешемнің үйіне қашып кеттім. Өткені ол мені жақсылықпен жібермейтін еді. Ажырасу туралы сөз болған сайын, мені үйге қамап, телефонымды тартып алатын. Біз онымен бірге Петропавлда әулеттен алшақ тұрдық. Үйдегі болып жатқан сұмдықтарды туыс-туған білмейтін. Алғашында айтуға ұялып жүрдім, алайда арамыз ушыққан соң өзім сенетін адамдарға жай-жапсарын айта бастадым. Бәрі «жаныңның барында одан қаш» деді. Мен әке-шешемнің үйіне біржола кеткенімді білген соң, қорқыту, үркіту, аңду, қол көтерулер жиілей түсті. Ол Петропавлда тұрды, бірақ мені аңдып, Астанаға жұмыс барысымен келгенімде, ол да келіп алатын», - дейді келіншек.

Дизайнер өткен көктемде күйеуінің қолынан ажал құша жаздағанын айтты.

«Көктемде құрбыммен бірге Таиландқа демалысқа бардым. Ол сол сәтті пайдаланып, қызымды алып, артымнан келді. Қонақүйдің бөлмесінде концерттен келгенше күтіп отырып, көре сала шашымнан шап беріп ұстап, сүйрей жөнелді. Бөлмеде соққының астына алды. Сағаттап таяқ жеген мен өліп қалатын шығармын деп ойладым. Ақыры болмаған соң, қулыққа көшіп, онымен татуласқандай түр жасадым. Солай ғана сабырға келді. Елге өлігім қайтпасын дедім. Қазақстанға келген соң, ақырындап байланысты үзгім келді. Ол мені аңдуын доғармады. Егер басқа біреумен кездесіп, сөйлесер болсам, өлтіретінін ескертті. Менің бүкіл әлеметтік желідегі парақшаларымды бақылайды, тіпті айтуға дәтім бармайтын хаттар жазады. Мені бір жылдан бері аңдып келеді, мен шаршадым. Оның ата-анасы ұлдарына «тәйт» демейді, тыйым салмайды. Олардан қайран болмаған соң, амалсыз полицияға жүгіндім. Жаз бойы өмірімнің астаң – кестеңін шығарды. «Баланы көрсет» деп түн ортасында есік қағып тұрып алады. Үйге кірген соң соққыға жығады. Әлі күнге дейін тыныштық берер емес», - дейді ол

Әйелдің айтуынша, оны Әнуар Нұрмағамбетов 19 маусымда тағы бір рет қатты соққыға жығып, ұрып тастаған.

«19 маусымда ол аяқ астынан үйге келді. Есік ашылғаннан тап берді. Бірнеше сағат бойы ұрып, тепкіледі. Мен пәтерден жүгіріп шығып, көршілерден көмек сұрадым. Ол болса, менің әкеме телефон соғып, «келіңіз, қызыңыздың түрін көріңіз» деді. Мен бар дауысыммен айғай салдым, «мені ұрып жатыр» дедім. Содан кейін екі жақтан ата-анамыз келді. Ата-енем оған тек ескерту жасап, аулақ жүруін сұрады. Енді мұндайдың қайталанбайтынын айтты. Осы оқиғадан кейін 13 қыркүйекте ол менімен тағы кездескісі келді, мен бас тарттым. Сосын Әнуар баланы сылтауратып, үйге келді. Ол кезде үйде сіңілім бар еді, кіре салып, менің заттарымды ақтарыпты. Сіңілім қорқып, маған хабарласып, тезірек үйге келуімді өтінді. Мен үйге полициямен бірге бардым. Оның түрі өзгеріп сала берді, сыпайы адам бола қалды. Бізді Астанадағы Тынышпаев көшесі, 8 мекенжайында орналасқан полиция бөліміне алып кетті. Арыз жаздым, полиция қауіпсіздігіме кепілдік берді. Бөлімшеде отырғанда қызметкерлердің көзінше ол маған қоқан-лоқы көрсетіп, арызымды қайтарып алуымды, ол туралы желіде жазғандарымды өшіруімді талап етті. Ол маған қарсы арыз жазатынын, сотқа беретінін айтты. Полициядан шыққаннан кейін де ол арызды «сыйлығымен» сатып алғысы келді. Сыйлық деп тұрғаны несиеге алынған көлік болатын. Мен одан кеткен сәттен бастап несиесін өзім төледім», - дейді ол.

Келіншек енді сот органдарында істеген, бұрынғы полиция полковнигі Арман Нұрмағамбетовтың ұлы Әнуар Нұрмағамбетов әкесінің атақ-абыройын және өзінің таныс-тамырларын ортаға салып, заңнан аттап, жазасыз қала ма деп күдіктенеді. Оның сөзінше, шенділер баласынан ананы баласынан айыруға әрекет қылуы да бек мүмкін. Павлодарлық әйел өз өміріне қауіп төніп тұрғанын жеткізген.

«Мені қорқытуын қоймай, ізіме түседі деп қорқамын. Баламды тартып алуға дейін баруы мүмкін. Өмірім үшін қорқамын. Ол бостандықта жүргенде, жазасыз қалатынына сенімді болып тұрғанда мен қауіпсіз сезінбеймін. Ол сотта танысының көп екенін үнемі айтады. Менің қолымнан түк келмейтінін, ажыраса алмайтынымыды айтады. Бір жылдан бері ол маған ажырасуға келісім бермей жүр, үнемі жалынып, татуласуға уақыт беруімді сұрайды, сот отырыстары кейінге шегеріліп келеді. Оның әкесі – бұрынғы полиция қызметкері, оның да байланыстары мен ықпалды таныстары бар, олар кез келген істі оңай жауып тастай алады. Ол өзінің «қамқоршыларының» ортасында еркін жүргенде менің өмірі қауіп төніп тұр. Мен заңды некедегі күйеуіме қатысты істі бақылауға алынып, істің жабылып қалмаса екен деймін. 2025 жылдың 30 қыркүйегінде некені тоқтату бойынша сот өтеді», - деді дизайнер желідегі парақшасында.

Айта кетсек, Арман Нұрмағамбетов жол полициясы батальонының командирі, Павлодар облыстық жол полициясының тіркеу-емтихан бөлімінің бастығы және желілік полиция бөлімдерінің бастығы болған. Жақында оның өзге де ұлдарының заңды белшесінен басып жүргені туралы ақпарат жария болған. Hronikа басылымының жазуынша, биыл 17 жастағы кіші ұлы Санжар Елтай Lexus GX 550 көлігімен Toyota Highlander-ге соғылып, әйел адам жарақат алған. Ал 2016 жылы, сол кезде 19 жастағы үлкен ұлы Темірлан Нұрмағамбетов Land Cruiser 200 көлігімен қызыл шамға өтіп, Toyota RAV4-ке соғып, бағдаршамды қиратқан. Жүргізушінің мойын омыртқасы сынып, миы шайқалған. Нұрмағамбетовтер отбасы зазалды өтемеген.

Сондай-ақ отбасының бай әрі ықпалды екені айтылады. Олардың иелігінде «Диамонт» автожуу орталығы бар. Отбасы мүшелері Lexus GX 550, Land Cruiser 200 сияқты жоғары классты көліктер мінеді.