Ол 18 мамыр күні әріптестерімен сөзге келіп қалған соң, заттарын жинап жұмыстан кетіп қалған
Ақмола облысында 19 жастағы қыз із-түзсіз жоғалып кетті. Бойжеткен әріптестерімен арадағы кикілжіңнен кейін жұмыстан шығып кетіп, сол күйі хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Оқиға осы жылдың 18 мамырында болған. Ал бір айдан соң,19 маусым күні Көкшетау қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын өзінің туысы Анастасия Александровна Ромасюнь жұмыстан шыққан күйі ұшты-күйлі жоғалғаны туралы хабарлады. Жоғалған қыз күндізгі үштер шамасында әріптестерімен сөзге келіп қалғаннан кейін заттарын ала салып, жұмыстан кетіп қалған. Әріптестерінің айтуынша, көңіл-күйі әдеттегідей жақсы болған. Анастасия не болғаны жөнінде туған-туыстары мен достарына ешнәрсе айтпаған Хабарсыз кеткен қыздың телефоны дәл сол күні күндізгі уақыттан бастап кешкі 22:00-ге дейін қосулы болған. Бірақ, бұдан кейін байланыс үзілген. Аталған факт бойынша жедел іздестіру тобы оқиға орнын бақылап, жоғалған қыздың достарын, көршілері мен туған-туысқандары мен куәгерлерді сұрастырып, барлық бейнебақылау камераларын тексеріп шықты, - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.
Қазір полиция департаментінің барлық жеке құрамы іздеу жұмыстарына жұмылдырылған.
Жоғалған қыз жұмыстан шыққан сәтте күңгірт-жасыл түсті джинсы күрте, ақ крассовка, сұр түсті джинсы шалбар киген. Бойы шамамен 175-177 сантиметр, шашы қоңыр түсті және сол жақ иығында татуировкасы бар.
Полицейлер қандай да бір ақпарат білген адамдар болса «102» арнайы желісіне хабарласуын сұрайды.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы