Бішкекте ТМД елдерінің азаматтарын алдап отырған алаяқтар қолға түсті (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Олардың арасында Қазақстан да бар

Фото: скриншот

Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің Ішкі істер министрліктері бірлесіп жүргізген операция барысында трансұлттық интернет-алаяқтардың тобы құрықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияның мәліметіне сүйенсек, 8 қыркүйекте Бішкек қаласында күдікті қолға түсті. Оның жалға алған пәтерін тінту кезінде 32 слотты сим-бокс, үшінші тұлғалардың атына тіркелген 70-тен астам SIM-карта, IP-адресті алмастыруға арналған құрылғылар, компьютерлер мен телефондар тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті бұл әрекеті үшін аптасына шамамен 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып отырған.

ІІМ мәліметінше, мұндай техника қылмыскерлерге банктер, мемлекеттік органдар және маркетплейстердің атынан жалған қоңыраулар мен хабарламалар таратуға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – азаматтардың жеке деректері мен ақшасын иемдену.

Жыл басынан бері Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті 77 сим-боксты және алаяқтар пайдаланған 90 мыңға жуық SIM-картаны тәркілеген.

Еске сала кетейік, 16 қыркүйектен бастап дроптардың іс-әрекеті үшін жауапкершілік енгізіліп, онлайн-несие беруге шектеулер қойылады және SIM-карталардың айналымы реттелмек.