Ақтөбедегі дәрігердің өлімі: сотта жантүршігерлік деректер айтылды
Сот отырысында қылмыстың жай-жапсары айтылды

Ақтөбеде белгілі нефролог Абай Айсағалиевтің өліміне қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазонға» сілтеме жасап.
Кісі өлтірді деп айыпталған 31 жастағы Нұрсұлтан Ш., диализ орталығында жұмыс істеген, Абай Айсағалиевпен жақсы таныс болған, оның жалғыз тұратынын, банктегі есепшотында қомақты ақшасы бар екенін білген.
Олардың арасында сенімді қарым-қатынас орнағаны сонша, нефролог Нұрсұлтаннан планшетке мобильді банкинг қосымшаларын жүктеп беруді сұрайды. Осылайша сотталушы болашақ жәбірленушінің ақшасы туралы барлық ақпаратты білген, пин кодтар мен құпия сөздерді алған.
«19 мамырда ол Абай Айсағалиевтің Астанаға көзіне ота жасатуға бара жатқанын да білген. Ал 24 мамырда ер адам Ақтөбеге оралған, сотталушы оның үйіне түн ортасында (25 мамырға қараған түні) келген, пәтер иесі еш нәрседен күдіктенбей, қонақты пәтерге кіргізген. Сосын сотталушы асханада Абай Айсағалиевке үш рет пышақ сұққан, құлаған кезде оның басынан балтамен тағы екі рет ұрған», - делінген хабарламада.
Қылмысты салқын қандылықпен жасырған
Дәрігер алған жарақатынан қайтыс болғаннан кейін сотталушы аяқ-қолын байлап, басына пакет кигізіп, мәйітті мұздатқышқа салып, есікті скотчпен мықтап орап тастаған. Осыдан кейін марқұмның телефонын, планшетін, ноутбугін, банк картасын сөмкесіне салып, пәтерден шығып кеткен.
«Содан кейін ол дәрігердің шотынан бірнеше рет ақша алған. 27 мамырда ол жарнама сайты арқылы «ГАЗель» жүк көлігін жалдап, мұздатқышты №8 гаражға апаруды өтінген. Ол жүргізуші мен жүк тиеушілерге мұздатқышта ет бар деп айтқан. Біраз уақыттан кейін басқа жүк көлігін жалдап, мұздатқышты Кереев көшесі, 4 мекенжайындағы үйге тасымалдаған», - деп жазды басылым.
Миллиондарды ұрлаған
Ол дәрігердің есеп шоттарынан жалпы сомасы 5 миллион 268 мың теңге алған, ұрланған мүлкін есепке алғанда жалпы шығын көлемі 7 миллион 234 мың теңгені құраған. Мұны тергеу анықтады.
Алдын ала сот отырысында сотталушы пайдакүнемдік ниетінің болмағанын айтып, тағылған айыпты жеңілдеуіне өзгертуді және істі алқабилер сотында қарауды сұрады.
«Менің іс-әрекетімде пайдакүнемдік ниет болмаған, мен дәулетті, өзімді-өзім асырай алатын адаммын. Қасақана өлтірмедім. Марқұмның туыстарынан кешірім сұраймын. Өз кінәмді мойындаймын, істеген ісіме өкінемін», - деді сотталушы.
Сот отырысына журналистер қатысты, бірақ сотталушы өзінің жүзін видеоға түсіруге тыйым салды. Адвокаттардан бөлек, сотталушының анасы оның қоғамдық қорғаушысы болды.
Белгілі ақтөбелік нефролог дәрігер Абай Айсағалиев осы жылдың мамыр айында жоғалып кеткен болатын. Еріктілер мен полицейлер іздестіру жұмыстарын жүргізді, 23 мамырда үйінен шығып кеткені белгілі болды, одан кейін Ақтөбеде ешкім көрмеген. Ал 31 мамырда полиция департаменті дәрігердің өлі табылғанын, кісі өлтірді деген күдікпен 31 жастағы Ақтөбе тұрғыны ұсталғанын хабарлады.