Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды
Маңғыстау облысында жантүршігерлік жол апатынан 10 адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Трагедия 11 қыркүйек күні Қарақия ауданы Сенек елді мекенінен 90 шақырым қашықтықта болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша «Toyota Hiace» маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, салдарынан көлік жол шетіне аударылып кеткен. Көліктің ішінде жолаушылар болған», - деп жазылған хабарламада.
Жол апатының салдарынан 8 адам оқиға орнында көз жұмды, тағы екі адам ауруханаға жеткізу барысында жан тапсырған. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін және жолаушыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.