Сатушылар тіпті бонус туралы ұсыныс айтып, ер адамға қысым жасаған екен
Ақтөбе қаласының тұрғыны несиеге шаңсорғыш алып, қатты өкінген. Оның айтуынша, шаңсорғыш сататын компанияның менеджерлері оған ойлануға мұрша бермей, мойнына 1,3 млн теңгенің несиесін іліп кеткен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитет іске араласып, оның несиесін жойған.
«Әуел баста компания өкілдері оның кілемдерін тегін жуып берейік деп келген. Үйге келген соң олар шаңсорғышты жарнамалап, бағасы басқа дүкендерден әлдеқайда арзан екенін айтқан. Ойлануға мұрша бермей, бонус туралы да ақпарат берген. Ақырында ер адам құны 1 320 000 теңгенің шаңсорғышын несиеге алған», - деп хабарлайды дереккөз.
Артынша ол шаңсорғышты қайтарып беріп, несиені жойғысы келген. Бірақ, компания бұл мүмкін емес екенін айтып, ақшасын қайтармай қойған.
«Мамандар наразылық парағын жазып берген соң сатушы мен сатып алушы арасындағы шарт бүзылды. Ер адамның мойнындағы 1 320 000 теңгенің несиесі жойылды», - деп хабарлайды комитет.