Көкшетау әкімдігінің шенеунігі үйдің өзі жоқ болса да мердігерге ақшасын аударып жіберген

Автор: Бақыт Шынар

Қазір ол тергеуге түсті

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Көкшетау қаласы Құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған көп пәтерлі тұрғын үй салынып бітпесе де оны салынған үй ретінде қабылдап, мердігерге ақшасын аударып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, осы арқылы мемлекетке 90 млн теңге шығын келген.

«Көкшетау қаласының прокуратурасы халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап, бюджет есебінен салынуы керек көппәтерлі тұрғын үйді салынып бітпесе де оны пайдалануға беру құжатына қол қойған фактіні анықтады. 2023 жылы Көкшетау қаласы Құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы объектілер іс жүзінде аяқталмаған кезде қаражат аудару арқылы екі көппәтерлі тұрғын үйді (140 пәтер) пайдалануға қабылдау актісіне қол қойғаны анықталды», - деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.

Аталған факті бойынша қала прокуратурасы ҚК 189-б. 4-б. 2) т. (лауазымды адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып жасаған, кінәліге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi аса iрi мөлшерде иемденiп алу немесе талан-таражға салу, яғни жымқыру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.