Сот Жомарт Ертаев неге рақымшылыққа ілінгенін түсіндірді
Ол жазасының 8 жыл 3 айын өтеді дейді құзырлы орган

Бұған дейін хабарлағынымыздай, 144 млрд теңге жымқырды деген күдікпен 11 жылға сотталған экс-банкир Жомарт Ертаев рақымшылыққа ілінген еді. Алматы облысының соты Ертаев қалай рақымшылыққа ілінгенін түсіндірген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Алматы облысы Алатау қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Ертаевтың рақымшылық туралы өтініші 2 қыркүйек күні қаралған екен.
«Ж.Ертаев 2020 жылғы 16 қарашада Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 228-бабы бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. 2025 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша Ж.Ертаев 8 жыл 3 ай 14 күн бас бостандығынан айыру жазасын өтеді (15.11.2018 жылдан бастап қамауда болған, қамаудағы уақыты бір күні бір жарым күнімен есептелген), өтелмеген мерзімі 11 ай 16 күн», - деп хабарлайды сот.
Ертаев отырған қамау орны оның мінез-құлқына оң баңа берген екен. Ал, «Рақымшылық туралы» Заңға сай, егер сотталған адамның қалған мерзімі бір жылдан аз болса және теріс мінез-құлық дәрежесі болмаса, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген бөлігі кешіріледі.
«Сот Ж.Ертаевтың өтініші қанағаттандырды. Сотталған Ж.Ертаевтың негізгі жазасының өтелмеген 11 ай 16 күні босатылды», - деп хабарлайды сот.