Шығыс Қазақстанда экс-депутаттың ұлы жол апатынан қайтыс болды
Андрей Ахаев – ШҚО мәслихатында ұзақ жылдар хатшы болған Василий Ахаевтың ұлы

Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының хатшысы болған Василий Ахаевтың ұлы Андрей Ахаев жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов облысқа құрметті азаматтардың отбасына көңіл айтып, өкінішін білдірген.
«Андрей Васильевич Ахаевтың қаза болуына байланысты оның ата-анасына және жұбайы мен туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Андрей Васильевич тек көрнекті педагог, ғалым және қоғам қайраткері ғана емес, үлкен жүректі жан еді. Оның Шығыс Қазақстандағы білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі зор», - деп жазды облыс әкімі көңіл айту жеделхатында.
Айта кетейік, Андрей Ахаев Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Василий Ахаевтің ұлы.
Андрей Ахаевтың өзі де білім саласында еңбек еткен. Ол Қазақстанға танымал ғалым, профессор, ағартушы-педагог, қоғам қайраткері. Ол кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің құрамына кірген. Сондай-ақ көптеген білім беру жобаларының, соның ішінде Қазақстан Республикасында 12 жылдық орта жалпы білім беру тұжырымдамасының, «Дене тәрбиесі» және «Денсаулық педагогикасы» пәндері бойынша мемлекеттік білім беру стандарттарының әзірлеушісі болды. 120-дан астам ғылыми еңбектің авторы.