Инфекциялық ауруханалардағы коронавируспен күреске арналған төсек-орындардың 75%-ы толып кеткен
Жансақтау бөлімдерінің үштен бірінде өте ауыр халдегі адамдар жатыр, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтеава. Оның айтуынша, Қазақстан ауруханаларында 35 226 провизорлық төсек-орын дайындалған.
«Төсек-орындарды инфекциялық және провизорлық деп бөлеміз. Коронавирус болуы мүмкін деп, бірақ тест жасалмаған немесе вирус табылмаса да, тұмау және пневмониямен ауырған адамдарды провизорлық төсекке, ал коронавирус табылған адамдарды инфекциялық орындарға жатқызамыз. Қазір ел бойынша 35 226 провизорлық төсек-орын дайындалды. Оның 37%-ы толды, 63%-ы бос», - деп мәлім етті Л. Ақтаева.
Коронавируспен тікелей күресуге арналған инфекциялық ауруханаларда 7544 төсек-орын болса, оның 75%-ы толып кеткен. Ал 373 реанимацияның үштен бірінде коронавируспен күресіп, ауыр халде жатқан науқастар емделіп жатыр.
«Ел бойынша 3294 жасанды тыныс алу аппараты бар, егер қажет болса, оны аймақтардағы реанимацияларға береміз», - деді Л. Ақтаева.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан