Конструкция еш жерге бекітілмеген, ол электр қалқанын жауып тұру үшін пайдаланылған
Ақтауда аттракционның салмағы шамамен 50 келі болатын техникалық жабдығы үш жасар баланың үстіне құлады. Оқиғаның қалай болғанын баланың анасы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқыс жағдай 21 тамызда «Saya Park» сауда және ойын-сауық орталығында орналасқан «Apollo» балалар ойын орталығында болған.
Баланың анасы Айнұр Бисембаеваның айтуынша, конструкция бекітілмеген, ол электр қалқанын жауып тұру үшін пайдаланылған. Сыртынан жұмсақ тыспен қапталған, ал ішінде металл блок болған.
«Конструкция ешқандай жолмен бекітілмеген. Өзім көтерейін деп едім, тым ауыр болды», – дейді зардап шеккен баланың анасы.
Бала ауруханаға жеткізілді, рентгенге түскеннен кейін еш жері сынбағаны анықталды. Дегенмен бала аяғы ауырып жатқанын айтқан, оған МРТ тағайындалды. Сонымен қатар анасы ұлының ұйқысы нашарлағанын, психологпен кеңесу керек екенін атап өтті.
Отбасы «Apollo» ойын орталығының басшылығынан 200 мың теңге көлемінде моральдық шығын талап етіп отыр. Әйелдің айтуынша, «Apollo» тек дәрігердің қабылдауына, бірінші күні сатып алынған дәрі-дәрмекке ақы төлеуді ұсынған, сонымен қатар аквапаркке немесе ойын орталығына бір рет тегін кіргізуге уәде беріпті.
«Маған олардың аквапаркі немесе ойын орталығы не үшін керек? Бала үйде жатыр. Мен оны дәрігерлерге апаруым керек, ал олар маған көңіл көтеруді ұсынып жатыр», - деп ашуланды Айнұр Бисембаева.
Полиция арызды тіркеп, материалдарды Ақтау қалалық әкімдігіне жіберетінін хабарлады.