Өңір басшысы Түркістанның 2 жылдығымен құттықтады
Бүгін Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл толып отыр. Осыған орай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтарды арнайы құттықтап, екі жылда еңсерілген жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды әкімінің баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Жаңа Түркістан қазақ бюджетіне 1 трлн теңгеге түседі
«Осыдан тура екі жыл бұрын маусым айында Ұлы Түркістан даласында үлкен жаңалық болғаны белгілі. Елбасының арқасында түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Көреген көшбасшымызға ұзақ өмір, қажымас қайрат тілеп, бүкіл түркістандықтар атынан шынайы алғысымызды да жеткізгім келіп отыр»,- деді Шөкеев.
Облыс әкімінің сөзінше, бүгінде Түркістан қаласында алғашқы кезекте 175 нысанның құрылысы жоспарланса, соның 102-сі жыл аяғына қарай пайдалануға берілетін болады.
«Түркістанның туристік білім орталығы ретінде дамыту үшін арнайы Туризм және меймандостық универститеті ашылды, рухани-мәдени орталық ретінде дамыту үшін 2019 жылы 9 әлеуметтік нысан тапсырылса, биыл 20 нысан құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек.
Жаңадан қалыптасқан облыста жұмыс істеуге бүкіл республикадан мамандар келіп жатыр, оларды баспанамен қамту маңызды мәселенің бірі. 2019 жылы қалада 1128 отбасы жаңа пәтер иеленсе, бүгінгі күнге түрлі қаржыландыру көздері арқылы 6300 пәтерді құрайтын 136 көпқабатты үй құрылысы жалғасуда»,- делінген хабарламада.
Соңғы 2 жылда Түркістан облысының экономикасына түрлі қаржы көздері бағытталды. Бір ғана Түркістан қаласына салынған инвестиция көлемі 160 млрд теңгеден артты.