Телефон алаяқтары Көкшетау тұрғынын 5 миллион теңгеге алдады
Көкшетауда телефон алаяқтары жергілікті тұрғыннан 5 миллион теңге бопсалап алды. Олар әйелге қоңырау шалып, «қызың жол апатына түсті» деген жалған ақпарат айтып, шұғыл ақша талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 19 тамыз күні сағат 14:00 шамасында болған. Белгісіз адамдар жәбірленушіге қоңырау шалып, қызы жол-көлік оқиғасына ұшырағанын айтқан.
«Қажет көмек» деген сылтаумен қаскүнемдер әйелден 5 миллион теңге алып кеткен.
Жедел іздестіру шаралары кезінде Алматы қаласының екі тұрғыны анықталды. Қазіргі таңда олардың іске қатысы тексеріліп жатыр.
Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Құқық қорғау органдары азаматтарға мынадай кеңес береді:
Егер «туысыңыз жол апатына түсті» деген қоңырау алсаңыз – сабыр сақтаңыз. Ақша аударуға асықпаңыз. Алдымен туыстарыңызға тікелей хабарласып, ақпаратты тексеріңіз.
Есіңізде болсын: алаяқтар эмоцияға беріліп, асығып шешім қабылдағанды пайдаланады. Қырағылық пен салқынқанды әрекет қаражатыңызды сақтап қалады.