«ҚазАвтоЖол» жылан мен бақа асырайтын адамдар үшін маңызды мәлімдеме жасады

Автор: Бақыт Шынар

Компания бұл жәндіктерді тасымалдауда абай болу керек дейді

Фото: сурет ИИ көмегімен жасалған

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі үй жануарларын асырайтын адамдар үшін ескертпе материал әзірлеп, ит, мысық, жылан, кесіртке сияқты үй жануарлары мен жәндік асырайтын адамдарға кеңес айтқан, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Жануарларды тасымалдаудың жалпы ережелері мынандай: жануарды көліктің ішіне тастап кетпеңіз. Олар жүргізушіге кедергі жасамау керек. Оларды тасымалдағанда арнайы тор, қауіпсіздік белдігі немесе қосымша құралдарды пайдаланыңыз. Бұл кенет тежегішті басқан жағдайда жарақат алу қаупін азайтады», - деп хабарлайды компания.

Одан бөлек баспасөз қызметі әрбір жануардың тасымалдау ережесіне сипаттама беріп отыр. Мәселен, компанияның баспасөз қызметі таратқандай:

Ит тасымалының ережесі:

ит тасымалдаған кезде әр 2–3 сағат сайын аялдама жасап, жануарды серуендетіңіз. Итті торға қамаңыз немесе жеке жүк салғышқа мінгізіңіз

Мысық тасымалының ережесі:

мысықтарды қатты немесе матадан жасалған торға салып тасымалдаған жөн. Ішіне таныс ойыншық немесе иесінің иісі сіңген көрпе салып қойсаңыз, жануар өзін жайлы сезінеді

Құс тасымалының ережесі: 

Құс тасымалы кезінде кәдімгі тордың орнына ауа кіретін тесігі бар жеңіл қорап немесе контейнер пайдаланған дұрыс. Қыста тоңып қалмауына, ал жазда қызып кетпеуіне назар аударыңыз. Ең қолайлы температура – 20-25 C

Кеміргіштерді тасымалдаудың ережесі:

Егеуқұйрық немесе теңіз доңызын пластик тасымалдағышта, ішінде азығы мен суы бар күйде алып жүрген дұрыс

Жылан, кесіртке және бақаны тасымалдаудың ережесі

Жылан мен кесірткені тасымалдаған кезде арнайы матадан тігілген қап немесе пластик контейнер қолданған абзал. Қосмекенділерге (бақа, тритон) ылғалды орта қажет, сондықтан контейнер түбіне дымқыл майлық немесе суланған қағаз төсеу керек.