Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотталғандардың жазасы сол күйінде қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Апелляцияның шешімі бүгін, 19 тамыздан бастап заңды күшіне енген.
Алматы облыстың сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, апелляциялық тәртіпте Ш. Полатты өлтірді деп айыпталған тоғыз адамға қатысты қылмыстық іс қаралған.
Бірінші сатыдағы соттың үкімі мынандай еді:
- А.Н. Шынасыл ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 5,9,14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі 1,7,9-тармақтары (кісі өлтіруге оқталу), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстардың жиынтығы бойынша 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
- Р. Сакиев ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі 7,9-тармақтары (кісі өлтіруге оқталу), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
- А. Тоқтаубаев ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша кінәлі деп танылып, бұрынғы сотталғанын ескере отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
- Н. Ильясов ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, бұрынғы сотталғанын ескере отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
- Д. Әскентай, Н. Тоқтаубаев, Ш. Белгожаев, Д. Қалиахмет ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Кәмелетке толмаған Ы. ҚР ҚК-нің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
«Сотталушы Шынасыл 60 млн теңге, Сәкиев 30 млн теңге, қалған сотталғандар мен Сәкиев бірігіп тағы 30 млн теңге өндіріп беруі керек», - деп жазылған бірінші сатыдағы сот қаулысында.
Соттың үкімімен келіспеген сотталғандар мен олардың қорғаушылары апелляциялық тәртіппен шағымданған.
«Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысы арқылы үкімді өзгеріссіз қалдырды», - деп хабарлайды Алматы облыстың сотының баспасөз қызметі.