Дәрігерлер ірі жарма баланы тұншықтырып тастауы мүмкін деп болжап отыр
Павлодар қаласында бес айлық сәби ұйықтап жатып көз жұмған: алдын ала болжам бойынша, сәби қарақұмыққа тұншығып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті lifepvl.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, қайғылы оқиға 1 тамызда тіркелген.
«Анасы бес айлық баласына қарақұмықты үгітіп, ботқа пісіріп берген соң оны ұйықтатып тастаған. Түн ортасында, сағат 01.00 шамасында жас ана баласының тыныс алмай жатқанын байқаған. Үйге келген дәрігерлер баланың көз жұмғанын анықтады», - деп хабарлайды дереккөз.
Дәрігерлердің айтуынша, кішкентай балалар ұйықтап жатып тұншығып көз жұматын жағдайлар кездесіп тұрады. Дәрігерлер баланың тамағына, кеудесіне, ішіне тұрып қалған заттар оны тұншықтырып, тыныс алуын қиындатады дейді. Тіпті кейде бала құлап кетпесін деп төсеп қойған жастықтың өзі сәбиді ажал құштыруы мүмкін. Ал кейде еміп жатқан баланың өзі ана сүтіне шашалып, көз жұмады.
«Дәрігерлер балаға тамақ бере сала ұйықтатпау керек дейді. Төсегіндегі қауіпті заттарды да азайтып, баланың тамағы әбден сіңгеннен кейін жатқызу керек», - деп жазады сайт.