Бұған марқұмның ішкілікке салынғаны себеп болған
Алматы облысында ер адам өзінің туған інісін маскүнемдігі мен аморальді өмір сүргені үшін өлгенше ұрып-соққан, деп хабарлайды Polisia.kz. Полицейлер аталған қылмысты ізін суытпай ашты.
Шелек ауылы ауруханасының жансақтау бөліміне 62 жастағы жергілікті тұрғын түсіп, есін жимастан көз жұмған. Аталған дерек ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлімі «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша тіркелді.
«Бастапқыда қылмыс бойынша ешқандай айғақ болмады. Зардап шегушіні алып кеткен үйде ешбір төбелес іздері болған жоқ. Көрші тұратын ағасы сағат 01.00 шамасында оның еденде жатқан жарақаттары бар денесін көріп, дереу жедел жәрдем шақырғанын айтқан. Оның пікірінше, ұрып-соғу оқиғасы үйден тыс жерде болған», – дейді Еңбекшіқазақ аудандық Полиция басқармасының бастығы Талғат Сейілханов.
Бірақ тергеуші Денис Олшанский логикалық дәлелдердің дедукциясын пайдалана отырып, қалмыстық істі жедел түрде ашты. Ол жауап алу барысында күдіктіге бір-біріне жанама айғақтар ұсынып, оны әшкерелеген.
«Күдікті оларды жоққа шығара алмады. Оның сөзінше, ол інісінің өлгенін қаламаған. Тек маскүнемдігі, аморальдық өмір ұстанғаны және түнгі қыдырыстары үшін сабақ бермек болған. Гир спортымен айналысқан ол үлкен физикалық күшке ие бола отырып, өзінің соққысын есептей алмаған. Ол өз өкінішін білдірді. Күдікті інісін ұрғаннан кейін барлық ізді мұқият жойып, полицейлерді алдап, жазадан құтылмақ болған», – деп толықтырды Сейілханов.
Күдікті қазір қамауға алынды. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін іс сотқа жіберіледі.