Құтқарушылар арнайы зембілдің көмегімен зардап шегушіні жоғарыға шығарды
Шымкентте құтқарушылар көпірден құлап кеткен адамға көмекке келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Кеше Сайрам тұрғын алабында ер адам абайсызда биіктігі шамамен 10 метр көпірден су арнасына құлап кетті. Құлау кезінде ол аяғын жарақаттап, өздігінен шыға алмаған», - деп жазылған хабрламада.
Жедел жеткен құтқарушылар арнайы зембілдің көмегімен зардап шегушіні жоғарыға шығарып, медициналық қызметкерлерге тапсырды.
Еске сала кетейік, Астанада көпірден секірмек болған ер адамды әскери қызметкер құтқарып қалды. Оқиға 21 маусым түнгі сағат 00:30 шамасында елорданың Көктал көшесіндегі «Сарқырама» көпірінде болды.
Жедел қызметке 1996 жылы туған ер адамның көпір қоршауынан асылып тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, ол ауыр күйзеліске ұшырап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.