Абай облысында отбасылық мерейтой жанжалмен аяқталды
Абай облысында отбасылық мерейтой жанжалмен аяқталды. Семей тұрғыны күйеуін көсеумен ұрып, ауыр жарақаттаған. Оқиға салдарынан ер адам ауруханаға түсті. Әйелге үш жыл шартты жаза тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Polisia.kz дерегінше, ерлі-зайыптылар отасқандарына 16 жыл толуын атап өтпек болған. Алайда отбасылық кеш барысында ішімдік ішкен жұптың арасы бұзылып, сөзден ұрысқа, ұрыстан соққыға дейін барған.
Сот істі қарап, әйелді үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бірақ оның екі кішкентай баласы бар екені ескеріліп, жаза шартты түрде белгіленді.
«Сотталған адамға жазаны өтеу тәртібі мен шарттары түсіндірілді. Сонымен қатар оған жұмысқа орналасуға көмек көрсетілді. Қазір ол жергілікті жеке кәсіпкерге жұмысқа қабылданды», – деді Затон ауданы пробация қызметінің басшысы Ерлан Қыдырманов.