«Жүре алмай, зағип болып қалған»: Қызылордада азап шеккен әйел «Аралтұздан» 5 млн теңге өндіріп алды

Автор: Темірхан Айжан

Ол зауытта жазатайым оқиғадан кейін мүгедек болып қалған 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

2013 жылдан бастап Қызылорда облысы Жақсықылыш ауылының тұрғыны «Аралтұз» АҚ-ның тұз өңдеу цехында мүгедек болып қалғанша істеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2025 жылдың қаңтарында оны жұмыс барысында тұз тасымалдайтын жүк көтергіш қағып кетіп, ауыр зардап келтіреді. Әйел бірнеше отаға түсіп, жүре де алмай, көзі де көрмей қалады. Ал қазір оның беті мен көзіне шұғыл операция жасау қажет, әрі үнемі ем алып отыру керек.

Екі кішкентай қызы бар ана моральдық шығынды өндіруді сұрап, сотқа жүгінді.

«Өндірістік қызметпен байланысты жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеу актісіне сәйкес жұмыс беруші 100% кінәлі екені анықталған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. АҚ өкілінің айтуынша, жайсыз оқиға абайсыздықтан орын алған, «Аралтұз» жәбірленушіге 850 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіп, алдағы оталарға жұмсалатын барлық шығынды өз мойнына алған», - делінген соттың хабарламасында.

Сотта талап қоюшының психикалық және физикалық азап шеккені, денсаулығына ауыр зиян келгені, қайталап ота жасауды қажет ететіні дәлелденді.

Арал аудандық соты жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Аралтұздан» зардап шеккен әйелге моральдық шығын үшін 5 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.