Атырау облысында коронавирустан бір адам көз жұмды
Өткен тәулікте аймақта 14 адамнан вирус анықталған болатын
Атырау облысында коронавирус инфекциясынан бір адам көз жұмды, деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Атырау облысы Жылыой ауданында 1972 жылғы науқас 15 маусымда көз жұмды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, марқұм 13 маусымда дене қызуының көтерілуі, тыныс алуының қиындығы мен аздаған жөтелге шағымданып, Жылыой ауруханасының провизорлық бөліміне жедел жәрдем арқылы жеткізілген. КТ сараптамасы жасалған соң, өкпесінің 50 %-ның қабынуы анықталған. Жағдайының ауырлығына байланысты инфекциялық аурухананың бокс палатасына аударылып, көмек көрсетілді. Сондай-ақ, облыстық аурухана мамандарымен кеңесе отырып, жасанды өкпе желдету аппаратына қосу туралы шешім қабылданды. Дәрігерлер тарапынан жасалған көмек деңгейіне қарамастан, науқас 15 маусым күні қайтыс болды», - делінген хабарламада.
Қайтыс болған науқас бұған дейін денсаулығына байланысты есепте тұрмаған.
Аймақта бүгінге дейін 1324 адамнан COVID-19 анықталғанын айта кетейік. Ал өткен тәулікте 14 адам індетке шалдықты.