Полиция олардың не тұтынғанын айтты
Алматының қақ ортасында көшеде басын көтере алмай отырған, сол сияқты жерде құлап жатқан жастардың видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видео авторының айтуынша, Арбат алаңында 6 жасөспірім есі кіресілі-шығасылы күйде отырған.
«Алмалы ауданы. Олардың жағдайы нашар болған соң, жедел-жәрдем шақырдым. Ата-аналар, балаларыңызға қараңыздар. Өте қорқынышты нәрсе болып жатыр. Алты жасөспірімнің мінез-құлқы күдік тудырды. Олар ішімдік ішкенін мойындады, бірақ спирттік ішімдіктің иісі де сезілмеді. Олар мас емес», - деп жазды желі қолданушысы.
Редакция Алматы қаласының полиция департаментінен түсініктеме сұрады.
«Оқиға өткен сенбі күні Алматы қаласының Медеу ауданында болған. Полиция қызметкерлері бейнежазбада мас күйінде жүрген бес кәмелетке толмаған жасөспірімнің бар екенін анықтады. Оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Жасөспірімдер мен олардың заңды өкілдеріне қоғамдық орында мас күйінде жүру және ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамау деректері бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта тексеріс жүргізіліп жатыр. Жасөспірімдердің қалай алкоголь тұтынғаны, кіммен бірге болғаны және спирттік ішімдікті қайдан алғаны анықталуда», - деді ресми орган.
Полиция кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен тәртібі үшін бірінші кезекте ата-аналар жауапты екенін ескертті.
Сондай-ақ оқиғаға байланысты бала құқықтары жөніндегі уәкіл Диана Ерлан пікір білдіріп, екі баланың ішімдікке уланғанын растап, қалғаны медициналық тексерістен өтіп жатқанын айтқан болатын.