Таңертең көлігінің дөңгелегі жарылып қалған Тараз тұрғыны жұмыс орнынан 1,9 млн теңге өндіріп алды
Жұмыс орны ол азаматты кешікті деп келісімшартты тоқтатқан

Тараз қалалық соты «Қазфосфат» зауыты мен оның жұмысшысы арасындағы даулы мәселеге нүкте қойды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Сот материалдарына сүйенсек, С. есімді азамат таңертең жұмысқа келе жатқанда оқыс оқиғаға тап болған: көлігінің дөңгелегі дарылып, ол тұрақта тұрған басқа көлікті соғып кеткен. Осы жағдайларға байланысты ол сағат 08.00-12.00 арасында жұмыс орнында болмаған. Тікелей екі басшысына ескерткен. Бірақ, олар оның дәлелін ескермей, келісімшарт бұзылғанын хабарлаған.
«Азамат 2022 жылдың қараша айынан бастап «Қазфосфат ЖТК» ЖШС қоймасында оператор болып жұмыс істеген. 2023 жылдың қазан айында сағат 8:00-ден 12:00-ге жұмыс орнында болмағандықтан, келісімшарты бұзған. Азамат бұнымен келіспей, сотқа жүгінген», - деп хабарлайды сот.
Сот талап қоюшының жұмысқа бара жатқанда автокөліктің дөңгелегі жарылып, тұрақта тұрған автокөлікпен соқтығысып қалғаның анықтады, бұл туралы талап қоюшы дер кезінде өзінің тікелей басшыларына хабарлаған.
«Куәлердің, талап қоюшының айғақтарын және сотқа ұсынылған хат-хабарлардың скриншоттары мен автокөліктің фотосуреттерін ескере отырып, сот талап қоюшы жұмыс орнында болмау себептерінің дәлелді екендігі туралы уақтылы хабарлады деген қорытындыға келді. Өндіріс тоқтамаған, жұмыс берушіге залал келмеген. Сот талап қою арызын ішінара қанағаттандырып, бұйрықтардың күшін жойып, оны заңсыз деп таныды. Азаматты қайтадан жұмысқа алдырып, жұмыссыз жүрген аралық үшін 1,4 млн теңге мөлшерінде жалақы және 500 мың теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемақысын өндіріп берді. Шешім заңды күшіне енді», - деп хабарлайды Тараз қалалық сотының баспасөз қызметі.