Екі жақ бір-бірін айыптап отыр
Таиланд әскери-әуе күштері Камбоджамен шекарадағы даулы аймаққа әуеден соққы жасады. Елдің Солтүстік-Шығыс өңірлік қолбасшылығы F-16 ұшақтары Камбоджаның екі әскери бөлімшесін «жойғанын» мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy CNN-ге сілтеме жасап.
Бейсенбіде шекара бойында басталған қақтығыстан 8 адам ажал құшты. Бұған бір күн бұрын тай сарбазының минаға түсіп, аяғынан айырылғаны себеп болған. Таиланд Камбоджамен арадағы барлық шекара бекеттерін жапты.
Камбоджа қорғаныс министрлігі Таиландты халықаралық құқықты бұзды деп айыптап, Преах Вихеар ғибадатханасы маңына екі рет бомба тастағанын растады. Пномпень билігі тай шабуылын «жабайы әрі қатыгез әскери басқыншылық» деп атап, қарсы жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.
Таиланд Камбоджа әскерін Сурин провинциясындағы тұрғын үй секторына екі BM-21 зымыранын тастады деп айыптады. Шабуылдың салдарынан үш бейбіт тұрғын жараланды. Таиландтың Сыртқы істер министрлігі Камбоджаның күні бойы шабуыл жасап, соның ішінде Суриндеги ауруханаға да соққы бергенін мәлімдеді.
Соңғы онжылдықтарда Таиланд пен Камбоджа арасындағы қарым-қатынас шиеленіскен. Екі ел құрлықта 800 шақырымда шекараласады. Аумақта мезгіл-мезгіл әскери қақтығыстар болып тұрады.
2011 жылы Таиланд пен Камбоджа әскері арасында XI ғасырдағы Преах Вихеар ғибадатханасы маңында қақтығыс болып, 20 адам қаза тауып, мыңдаған адам босып кеткен.