«Полицейлер 1,5 млн теңге сұрады»: ресейлік туристің мәлімдемесіне ІІМ жауап берді

Автор: Темірхан Айжан

Ведомство өкілдері туристпен сөйлескен 

Фото: скрин

Ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлері ақша сұрады деген туристің жазбасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жазба жарияланған соң ІІМ өкілдері автормен байланысқа шыққан. Турист ведомствоның ашықтығына, қонақжайлығы мен жедел әрекетіне ризашылығын білдірген.

«Ол жазбасында полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне алаңдаушылық білдіріп, өз таныстарымен болған жағдай туралы айтып өткен. Сондай-ақ, видеода өзін де жақындарымен бірге құжат тексеру үшін тоқтатқан оқиға да айтылған», - делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, полиция қызметкерлерінің әрекеті Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы жоспарлы шаралар аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

ІІМ қызметкерлер тарапынан кез келген заңсыз әрекеттерге жол берілмейтінін, мұндай фактілерге қатаң әрі жедел түрде шара қолданылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ведомство заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және ел аумағындағы барша адамның қауіпсіздігі - басым бағыт екенін атап өтті.

«Министрлік қоғаммен ашық диалог орнатуға дайын екенін және шетелдік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтіп жатыр. Қазақстанға кірген шетелдіктерге SafeTravel.kz мультитілді порталына апаратын QR-коды бар ақпараттық карталар беріледі. Бұл сайтта маңызды мәліметтер, кеңестер, шұғыл байланыстар және елде жүргенде қажет болатын мобильді қосымшалар ұсынылған. Туристік карталар Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысында таратылады», - деді құзырлы органнан.

Еске салайық, Ресейден келген туристер қазақстандық полицейлердің өздерінен түрлі сылтаумен 1,5 млн теңге талап екенін айтып, видео жариялаған болатын.