Демалыс күндері балаларға қатысты 9 оқыс оқиға тіркелді
14 маусым күні ШҚО Абай ауданына қарасты Қасқабұлақ ауылынан 8 шақырым жерде қой бағып жүрген 16 жастағы жасөспірімнің төбесіне жай түсіп мерт болды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы, өткен аптаның демалыс күндері балаларға қатысты 9 оқыс оқиға тіркеліп, 5 бала қайтыс болды.
«Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Балаби ауылында түнде аулада ойнап жүрген 3 жасар бала электр сымын ұстап, тоқ соққаннан мерт болды. Сонымен қатар, дәл осы күні Павлодар облысы Аққулы ауданының орталығында 1 жасар бала тереңдігі 3 метрлік кәріз құдығына түсіп кеткен. Құтқарушылар жетем дегенше сәбиді көршілері шұңқырдан шығарып алды, ол қазір ауруханада», - делінген аталған хабарламада.
13 маусымда Көкшетауда 5 қабатты үйден өрт шығып, үлкендердің қарауынсыз қалған үш бала ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Олардың кішісі – 5 жасар қыз көп ұзамай қайтыс болды. Қалған екеуінің жағдайы өте ауыр.
Қайғылы оқиғалар Шымкент пен Атырауда да тіркелген. Біріншісінде 1 жасар сәби 25 литрлік ыдысқа құйылған суға тұншығып қалса, екінші жағдайда 6 жасар қыз шұңқырға құлап мерт болды.