«Air Astana-ға билет алып, FlyArystan-мен ұштық»: жолаушылар қызмет сапасына шағымданды

Автор: Аягөз Құрмаш

Жолаушылар рейс кешігіп, қызмет көрсету сапасы күткеннен төмен болғанын айтады

Фото: istockphoto.com

25 маусым күні «Астана-Атырау» бағытындағы рейс жолаушылары әлеуметтік желіде өз наразылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, Air Astana әуе компаниясына тиесілі ұшаққа билет алғанымен, рейс FlyArystan бортымен орындалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз билетті әдейі Air Astana-дан сатып алдық, екі баламен ұшатындықтан мультимедиялық жүйе біз үшін маңызды болды. Алайда ұшақ FlyArystan-ға ауыстырылды. Ол жерде ондай қызмет мүлде жоқ. Рейс 1 сағатқа кешікті. Әдеттегідей, түсіндіру де, өтемақы да болған жоқ», – дейді жолаушылардың бірі.

Осыған ұқсас тағы бір кейсті Төреғали есімді жолаушы жазған. Оның жағдайында керісінше, FlyArystan бортына алынған билет рейсінің орнына Air Astana ұшағы келген.

«Мультимедиялық жүйеге қолжетімділік болса да, рейсте құлаққаптар таратылмады, себебі бұл FlyArystan-ның қызмет көрсету форматына кірмейді. Оған қоса рейс кешігіп ұшты», – деді ол.

Air Astana компаниясы бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Компания мәліметінше, FlyArystan әуе кемесінің орнына Air Astana ұшағы пайдаланылған жағдайда, рейс бюджеттік авиакомпанияның стандарттарына сәйкес қызмет көрсетумен жүзеге асырылады.

«Мультимедиялық жүйеге қолжетімділік болғанымен, құлаққаптар рейсте таратылмайды, себебі бұл FlyArystan-ның қызмет көрсету форматына кірмейді. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және ұшақ ауыстырудың – мәжбүрлі шара екенін хабарлаймыз. Мұндай жағдайлар әуе кемесінің кешігіп келуі, техникалық себептер және басқа да операциялық факторлармен байланысты болуы мүмкін», - деп хабарлайды Air Astana.