Астанадағы «Балқарағай» демалыс орнын құрт-құмырсқа басып кетті: желіде видеосы тарады
Автордың сөзінше, мекеме қызметкерлері туристердің шағымына бей-жай қараған

Әлеуметтік желіде Астанадағы «Балқарағай» демалыс орнына шағымданып жатыр. Назгүл Талипова Instagram парақшасында құрбысының жалдаған бөлмесін құрт-құмырсқа басып кеткенін айтып, видео жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Күні бойы бассейнде демалып, кешке бөлмемізге оралғанда осындай сұмдыққа тап болдық. Айналаның бәрін жәндіктер басып кеткен. Сөзбен жеткізу мүмкін емес», - деді ол.
Айтуынша, құрбысы бұл туралы демалыс орнының әкімшілігіне дереу хабарлаған, алайда қызметкерлер еш шара қолданбаған.
«Оларға бөлмені ауыстырып бермеген, ақшасын да қайтармаған. Мұндай сорақы жағдайға қалайша көз жұма қарап, жауапсыз қалдыра салуға болады? Мекеменің беделін де ойламайды екен. Жазда адамдар қайда баратынын көрсін, менің жазбамды бөлісіңіздер», - деді автор.
Еске салсақ, кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөлде демалушылардың көптеген шағымынан кейін Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырған болатын.