Түркияның курортты аймағы өртке оранды: үш ауданның тұрғындары көшірілді

Автор: Темірхан Айжан

Ер адам қаза тапты 

Фото: https://t.me/turknws

Измир провинциясында бірнеше күннен бері ормандар өртеніп жатыр. Үш ауданның тұрғындары эвакуацияланған. Күшті жел өрттің тарала түсуіне себеп болып, қызыл жалын Чешме қаласына апаратын негізгі автомагистральға жетіп, жол екі бағытта уақытша жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.

Сәрсенбі күні Чешме курорттық аймағына қарасты Ылдыр шағынауданында өрт шыққан. Келесі күні тілсіз жаумен күресуге әуе күштері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрт сөндіру жұмысына 6 ұшақ пен 16 тікұшақ жіберілген. Бұл туралы Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрахим Юмаклы мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, өңірде желдің жылдамдығы сағатына 85 шақырымға дейін жетіп отыр, бұл отты ауыздықтауға кедергі келтіреді.

Адам өлімі тіркелді

Одемиш ауданында өрт сөндіру кезінде бульдозер жүргізушісі қаза тапты. Жергілікті биліктің мәліметінше, марқұм екі баланың әкесі, өрт сөндіру бригадасына көмектесу үшін Коня қаласынан келген.

Үш ауданның тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді

Өрт қаупіне байланысты Чешме ауданының Ылдыр және Гермиян шағынаудандары, сондай-ақ Урла ауданындағы Нохуталан елді мекеніндегі адамдар эвакуацияланды.

Измир-Чешме автомагистралі де екі бағытта жабылды. Измир провинциясының губернаторы Сүлеймен Эльбан өрттің ауылшаруашылық алқабынан басталып, орманға жайылғанын растады.

Өрт қаупі әлі де жоғары

Министр Юмаклының мәлімдеуінше, алдағы аптада Түркияның көптеген өңірінде орман өрттері болуы мүмкін. Ол өрт қаупрінің жоғары екенін ескертті. Ауа температурасының 40 градустан жоғары көтерілуі, құрғақ ауа райы мен желдің күшеюі жағдайды күрделендіріп отыр.

Маусым айында 1 563 өрт тіркелген

Түркияның Орман шаруашылығы бас басқармасының мәліметі бойынша, биыл 1-30 маусым аралығында ел аумағында жалпы 1 563 өрт тіркелген. Оның ішінде 612-сі орман алқаптарында, ал 951-і ауылшаруашылық жерлерінде шыққан. Сонымен қатар, 499 орман өрті ауылдық аумақтардан басталып, орманға таралған.

Қазіргі таңда Измир провинциясының бірнеше ауданында өрт ошағы бар. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмысты жалғастырып жатыр.