«Англияға барып, айына 1,2 млн теңге табасыз»: бір топ адам Алматыдағы жеке компанияға алданып қалды
Олар шетелге бару үшін несиеге кірген

Шетелге қара жұмысқа аттандыратын жеке компанияның құрғақ уәдесіне сеніп, несиеге кіргендер Алматыға жиналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
6 облыстан келген тұрғындар Англияға жұмыс істеуге барамыз деген үмітпен компанияға 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша берген.
«Компанияға ТикТок арқылы келдім. 2023 жылы 21 мамырда Гүлнұр ханымға 800 мың теңге жіберілген. Содан бері екі жыл өтті, ақшамды ала алмай жүрмін. Әне-міне деп, Бота деген адам ақшамды бермей жүр», – дейді алданғандардың бірі Ғазиза Айсикенова.
Жиналғандардың айтуынша, бұл сомалар тек ұйымдастыру жұмысына жұмсалған. Ұшақ билеті, виза рәсімдеу және басқа да шығындарды өздері бөлек төлеуі тиіс болған. Айына 1,2 миллион теңге көлемінде табыс табасыңдар деп сендірген компания кейін байланысқа шықпай қойған.
«Бізге екі айдың ішінде шығамыз деген, кейін желтоқсанға шегерді. Содан бері хабар жоқ. 650 мың теңгені анкета толтырғаны үшін бердік. Оған ұшақ, виза кірмеген», – дейді тағы бір жәбірленуші Асылбек Бердімұратов.
Ал компания өкілдері өздеріне тағылған айыппен келіспейді. Jumys.uk компаниясының директоры Бота Жүнісованың айтуынша, олар 700 адамның 300-іне ақшасын қайтарған.
«Қаңтардан бері 53 миллион теңге қайтарылды. Қалғандары да ретімен қайтарылады. Қазір күзгі презентацияға дайындалып жатырмыз. Жаңа топтар жинап жатырмыз», – деді ол.
Жиналғандар Алматы қалалық Әуезов аудандық полиция басқармасына ұжымдық арыз түсірді.
«ҚР ҚК 190-бабының 3-тармағы бойынша, яғни бір емес, бірнеше рет алаяқтық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір қылмыстық іс жүргізу кодексімен кезделген барлық тергеу басталып кетті. Сот және прокуратураның келісімімен, күдіктілер міндетті түрде анықталып, бұлтартпау шарасы тағайындалады», - деді Алматы полициясынан.