Air Astana-дан тағы да шу шықты: компания аутизмі бар жігітті сатып алған орнына отырғызбай қойған

Автор: Темірхан Айжан

Анасы ұлының құқығы тапталды деп санайды 

Фото: Gov.kz

Психолог Әлия Әбдібайытованың аутизмі бар 20 жастағы ұлының ұшақта дискриминацияға ұшырағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Аутизм спектрі бұзылған баламды сатып алған орнына отырғызбай қойды. Әуежайдың тіркеу бөлігіндегі қыз «апатты шығу есігінің жанында отырмайды» деді. Ұлым дәл сол орында отырғанды ыңғайлы көреді, сол үшін орынды алдын ала сатып алып тұрмыз. Апат бола қалса, нұсқаулықтарды түсініп, төтенше жағдайда әрекет ете алатын оның қабілеті бар. Қызметкер аутизмі бар адамдар туралы қоғамда қалыптасқан таптаурындарды негізге алып шешім қабылдай салды. Ол баламен сөйлесіп те көрген жоқ. Жағдайын тексерген жоқ. Бұл – дискриминиация. Оны «ерекше» болғаны үшін, мәселенің байыбына бармай жатып, құқығынан айырды», - деп жазды психолог.

Ол әуе компаниясының әдепті сақтамағанына, қызметкердің сыпайы жауап бермегеніне қапаланды.

Әлия Әбдібайытова аутизмі бар адамдардың әртүрлі болатынын түсіндірді. Олардың көпшілігі өз бетімен әрекет жасай алатынын ескертті.

«Олар қауіпті емес. Олар қауқарсыз емес. Олар тек әлемді сәл басқаша түсінеді, сол үшін ғана оларды құқығынан айырмау керек. Аутизмі бар адамдардың сыртынан шешім қабылдауды қояйық, сыртына қарап диагноз қоюды доғару керек», - деді ол.

Психолог Air Astana әуе компаниясында аутизм спектрі бұзылған жандарға отыруға болмайтын арнайы орындар болса, нақтылап ақпарат беруді талап етті.

«Қазір аутизм диагнозы қойылған адам саны жылдан жылға өсуде, сондықтан осы мәселе алдарыңыздан шығып отырады», - деп жазды ол.

Еске салсақ, психолог Әлия Әбдібайытова - 20 жастағы аутизмі бар Әмірдің анасы. Ол аутизм спектрі бұзылған отбасыларға кеңес берумен айналысып, ұлының жетістігін үнемі әлеуметтік желіде бөлісіп отырады.

Осыған дейін «Air Astana» 10 жасар баланы Түркияның әуежайына екі күн бойы қараусыз қалдырып кеткені хабарланған болатын.