Танысының денесін бөлшектеп, қоқысқа тастаған: Жезқазғанда ер мен әйел 20 жылға сотталды (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Қаңтарда болған оқиға елді дүр сілкіндірген еді

Фото: скриншот

Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты биыл қаңтарда ер адамды өлтіріп, денесін бөлшектеп, қоқысқа тастаған екі адамды 20 жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Сотқа алқабилер де қатысқан. Сотталған ер мен әйелдің аса қатігездікпен адам өлтіргені дәлелденіп, сот оларды 20 жылға соттады.

Оқиға қашан болған еді

2025 жылғы 29 қаңтарында сағат 23.00 шамасында Жезқазғандағы пәтерлердің бірінде ішімдік ішіп отырған үшеуі сөзге келіп қалған көрінеді. Ер мен әйел марқұмның қатты мас екенін пайдаланып, оны пышақтап кеткен. Жай өлтірмей, мәйітін бөлшектеп, көрпеге орап, оны қоқысқа лақтырып жіберген. Екі қылмыскердің әрекеті көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған еді.

Тараптардың позициясы

Прокурор соттан екі сотталушыны да өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Бірақ, олар сотта кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды сұраған екен.

Сот қандай үкім шығарды

Алқабилер алқасының айыптау кесімімен сотталушылар Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 3,7-тармақтарымен кінәлі деп танылып, әрқайсы 20 жыл мерзімге сотталды.

Сотталғандардың әрқайсысы марқұмның жақынына 5 млн теңге моральдық зиян және 535 мың теңге материалдық шығын өтеп беруге міндетті.