«Еркектің екі-ақ функциясы бар»: Жан Мұқанов отбасындағы бүкіл жауапкершілікті әйелге артып қойды

Автор: Темірхан Айжан

Ол 20 жасқа дейін қыздардың тұрмысқа шығуын қате деп санайды 

Фото: скрин

Көптеген отандық әншілер мен айтыскерлердің продюсері болған Жан Мұқанов әйелдер мен ерлердің отбасындағы рөлі туралы ойын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның сөзінше, баланың қандай азамат болып өсетіні тек анасына байланысты екен.

«Әлемнің бүкіл зұлымдығы да, жақсылығы да – әйелден. Ер адам жаман ба, онда, оны анасы солай тәрбиелеген. Елдің президенті нашар ма, оның анасы да сондай болған деген сөз. Адам бойына құндылықты сіңіретін – шешесі», - деді ол. 

Продюсердің айтуынша, ер адамның бұл өмірде тек екі функциясы бар.

«Ол қорғау мен асырау. Болды. Біздің бала тәрбиесіндегі рөліміздің үлесі 10 пайызға жетер жетпейтіндей ғана. Қалғанының бәрін балаға анасы береді. Шеше бақытсыз болса, одан қандай оңған ұрпақ шығады? Егер ана шаңырағында бақытты, сүйікті болса, өз-өзін дамытқан, оқыған, қызмет істеген болса – сол кезде ол нағыз азаматты тәрбиелеп шығарады», - деді ол.

Жан Мұқанов қыз балалардың 20 жасқа дейін тұрмысқа шығуына түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

«18 жасында тұрмысқа шығып, өмір көрмей, білім алмай, әрі күйеуінің үйде отыр, тамағымды істе, кірімді жу, бала-шағаға қара, үніңді шығарма деген бұйрығымен отырса, ондай әйел жақсы баланы тәрбиелей алмайды. Мен 19-20 жаста қыздардың тұрмысқа шығуына үзілді-кесілді қарсымын. Иә, кейде болады, жас ана мейірімін төгіп өсірсе жақсы баланы тәрбиелеп шығарар, бірақ көпшілігі тәрбиелей алмайды», - деді ол.