Ақтөбе облысында зейнеткер мен оның немересі көлікпен бірге суға батып кетті

Автор: Алмас Ерсін

Қайғылы оқиғаның қалай болғаны әзірге белгісіз, полиция мән-жайды анықтап жатыр

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысында Хромтау ауданында өзеннен зейнеткер мен оның немересінің мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Үйге қайтып оралмаған

«25 маусым күні 1959 жылы туған жергілікті тұрғын мен оның кәмелетке толмаған немересі Құдықсай ауылынан Toyota Hilux автокөлігімен Бозжыра аумағына қарай шығып, қайтып оралмағаны туралы хабар келіп түсті», - деп жазылған хабарламада.

Шұғыл түрде іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылып, оған ТЖД-ның сүңгуір тобы тартылды.

26 маусым күні сағат 19:30 шамасында Құдықсай ауылы маңындағы Ор өзенінің арнасын қарау барысында автокөлік табылды.

«Сүңгуірлер жүргізген жұмыстар нәтижесінде 2,5 метр тереңдіктен, жағадан 4 метр қашықтықта баланың денесі, сондай-ақ көлік пен ер адамның денесі судан шығарылды», - дейді құтқарушылар.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Құтқарушылар үндеу жасады

Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті аймақ тұрғындарын су айдындарының маңында және қиын қолжетімді жерлерде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласуды сұрады.