Атырау облысында 48 жастағы ер азамат суға батып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Облыстың бір ғана ауданында 10 тәулікте 3 адам суға ағып қайтыс болды

Атырау облысының Қызылқоға ауданы Миялы ауданында 1972 жылғы ер азамат Ойыл өзеніне ағып кетті, деп хабарлады облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Оқиға 11 маусым күні кешкі алтылар шамасында болған. Ер адам арнайы жабдықталмаған жерде шомылу кезінде суға батып кеткен.

«Атырау облысы ТЖД 5 қызметкері, 1 бірлік техника және жергілікті тұрғындардың көмегімен сол күні сағат 19.30-да суға батып кеткен адамның денесі табылып, жағаға шығарылды. ​Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптамадан кейін анықталады», - делінген аталған хабарламада.

Айта кету керек, соңғы 10 тәулікте Қызылқоға ауданында 3 адам суға батып кеткен.