Экология министрлігі 800 мың киікті атуы мүмкін – шенеуніктер олардың санын реттегісі келеді

Автор: Бақыт Шынар

Экология министрі нақты неше киік атылатыны бірнеше күнде белгілі болады дейді

Фото: istockphoto.com

Көктемгі санаққа сенсек, Қазақстанда киік саны 4 миллионға жуықтаған. Киік популяциясын реттеу үшін экология министрлігі шамамен 800 мың киікті атуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы бүгін үкімет отырысынан кейінгі брифингте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, киік популяциясын реттеуге қатысты ғылыми негіздеме дайын тұр, тек іс-әрекеттерді ұйымдастыру қалған. Нақты неше ақбөкеннің атылатыны туралы нақты мәлімет бірнеше күнде шығады.

«Осы ғылыми негіздемедегі ғалымдардың ұсынысына сай, бүкіл популяцияның 20 пайызы реттеуге жатады. Көктемгі санақта Қазақстандағы ақбөкендердің саны 3 миллион 900 мың болған, оның ішінде 2 миллион 300 мыңы – Оралда, 1 миллион 600 мыңы – Бетпақдалада,  700-800 мыңдай киік – Үстіртте», - деді Нысанбаев.

Экология министрлігі Қазақстандағы киіктердің 40 пайызы — аталық киіктер, 40 пайызы — аналық, 20 пайызы — биылғы төлі болу керек.

Тегтер: